Интернет сапасы үшін операторларға 1,7 млрд теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Интернет сапасының нашарлығы үшін байланыс операторларына салынатын айыппұл жылдан-жылға арта береді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің бастамаммен 2021 жылы сапасыз интернет үшін айыппұл мөлшері көбейтілді. Дәл осы айыппұлдарды көбейту, осы норма бізге көмектесті, яғни өткен жылы біз өңірлерге 1 175 рет сапарлап, жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге айыппұл тіркедік. Бұған дейінгі барлық жылдарда мұндай сома айыппұл ретінде есептелмеген. Шалғай өңірлерге сапарлар он есе аз болатын, айыппұлдар жылына 100 млн теңгеге де жетпейтін. Қазір біз байланыс сапасын бақылауды күшейттік, интернетпен қамту статистикасы түзетілді», - деді Цифрлық даму министрі Jibek Joly телеарнасының эфирінде.
Министрдің айтуынша, айыппұлдар өте төмен болғанда байланыс операторлары сапаға назар аудармады, өйткені 30 мың теңге төлеу оңайға түсетін. Бұл сома шалғай ауылдарға барып тексеруді де ақтамайтын.
«Биыл операторлардың керісінше әрекет ете бастағанын көріп отырмыз. Себебі, Премьер-Министр тапсырмасымен интернет сапасын бақылау күшейеді, 1,7 млрд теңге айыппұл 3-5 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Операторларға мұндай қаражатты айыппұлға бергенше, инфрақұрылымға инвестициялағаны тиімдірек болады.
Екіншіден, біз салаға инвестиция жасаған операторларға қолдау көрсетеміз, салық төлеуде жеңілдік жасаймыз. Оператор заң бойынша пайдаланылатын радиожиілік үшін салық төлеуге міндетті. Егер ол инфрақұрылымға инвестиция салса, бұл сомаға алдын ала жеңілдік жасалады. Осылайша, салыққа төлейтін қаражатты ауылдық жерлердің байланыс сапасын жақсартуға жұмсай алады. Жалпы, пандемиядан кейін барлық үкіметтер республикалық бюджет есебінен байланыс инфрақұрылымына мемлекет тарапынан инвестиция салу жөнінде ұлттық жобаларды қолға ала бастады. Бұл – жақсы үрдіс», - деді Бағдат Мусин.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ел тұрғындарын сапалы интернетпен қамту мәселелері қаралды.
Бұған дейін министр спутниктік желілер арқылы байланыс орнатылған елді мекендерді жалпы статистикадан алып тастағанын айтқан еді.