Интернет саудада Қазақстан өз нарығын шетелдік ойыншыларға беріп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Интернет саудада Қазақстан өз нарығын шетелдік ойыншыларға беріп отыр. Бұл туралы бүгін сауда саласын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда комитетінің төрағасы Қайрат Мәжібаев мәлім етті.
«Шопингтік компаниялардың мәселесін ғана көтерген жеткіліксіз. Биржалық сегментті, интернет сауданы, қонақүйлерді дамытуды, мейрамханалар мен дәмxаналарды да сөз еткен дұрыс. Біз қазір интернет сауданың қарқынын көріп отырмыз. Осы салада біздің әріптестер осалдық танытып жатыр. Бәсекеге қабілетті бола алмауда, тіпті отандық нарықты шетелдік ойыншыларға беріп қойған. Әсіресе, еуропалық, америкалық, қытайлық және ресейлік ойыншылар басып алған. Ішкі ойыншыларды қолдауға арналған реттеу тетіктерін қолға алу керек», - деді Мәжібаев.
Оның айтуынша, отандық сауда Батыс елдері, Жапония, Түркия елдерінен ғана емес, ЕАЭО мемлекеттерінен де қалыс қалуда. Сондықтан, сарапшының ойынша, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда сауда субьектілерін қолдаудың практикалық шараларын бекіту қажет.