Интернет тартамыз деп заң бұзған: Қостанайда кабельдер мәжбүрлі түрде алынады

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM —Қостанайда интернет-провайдерлердің көше жарығы бағандарына рұқсатсыз орнатқан талшықты-оптикалық кабельдері мәжбүрлі түрде демонтаждалып жатыр. Заңсыз қосылымдар қалалық желілерге қызмет көрсету кезінде қауіпсіздікке қатер төндіреді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Интернет тартамыз деп заң бұзған: Қостанайда кабельдер мәжбүрлі түрде алынады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қостанай қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы Әлия Сегізбаева бұл мәселенің көбіне құрылыс тығыз орналасқан аудандарда кездесетінін айтты. Оның сөзінше, интернет-провайдерлер абоненттерді қосу үшін көше жарығы бағандарын заңсыз пайдаланады.

Осыған байланысты қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, заң талаптарын бұза отырып тартылған кабельдерді мәжбүрлі түрде алып тастау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Қазіргі уақытта Қостанайда алты интернет-провайдер ресми түрде жұмыс істейді. Алайда олардың санаулысы ғана жеке жерасты коммуникацияларына ие. Кабельдік кәріз желілерінің басым бөлігі «Қазақтелеком» теңгерімінде.

Мәселені шешу үшін қала әкімінің орынбасары, «Қазақтелеком» өкілдері мен байланыс операторларының қатысуымен апта сайын жиындар өткізіледі.

Қазір провайдерлер әуе арқылы тартылған байланыс желілерін біртіндеп жерасты кабельдік кәріздеріне ауыстырып жатыр.

Атап айтқанда, Л. Беды, Победы, Қ. Дөненбаева, Узкоколейная, Киевская көшелерінде және Жастар сарайы ауданында жұмыстар аяқталуға жақын.

Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылындағы «Тарлан» автокешенінің жанында жерасты кабельдік кәрізін салу жұмыстары аяқталып келеді. Жоба толық біткен соң нысанды қаланың коммуналдық меншігіне беру жоспарланған.

Бөлімнің мәліметінше, соңғы жылдары байланыс операторлары 168 шақырымнан астам кабель желісін жер астына көшірген.

Сонымен қатар Қостанайда жерасты коммуникацияларын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін бірінші санаттағы 19 көше мен екінші санаттағы 44 көшенің желілері цифрландырылған. Бұл проблемалы учаскелерді анықтап, байланыс желілерін орналастыру тәртібін реттеуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы жедел цифрландыру жобасы аясында 212 ауылға интернет тартылатыны хабарланған болатын.