Интернет желісіндегі мемлекеттік тілдегі ақпараттардың жоқтығына құзырлы министрлік өкілдері де алаңдаулы
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Интернет желісіндегі мемлекеттік тілдегі ақпараттардың жоқтығы Байланыс және ақпарат министрлігі өкілдерінің өздерін алаңдатып отыр. Бұл мәселе жөнінде бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен он-лайн конференция барысында Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті.
«Интернеттегі ақпараттар легінің аздығы біздің өзімізді алаңдатып отыр. Өйткені Қазақстанда интернет қарқынды дамып келеді. Алайда бізде қазақ тіліндегі сайттармен байланысты проблема бар екені рас. Бұған біз қазір баса көңіл бөліп отырмыз. Бұл мәселемен қазір әсіресе «Казконтент» компаниясы белсенді айналысуда. Естеріңізде болса, біз жақында ғана www.baq.kz сайтын іске қостық. Бұл сайтты қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының көрсеткіш құралы деуге болады. Осы сайт арқылы елдегі барлық арналарды емін-еркін тамашалауға болады»,-деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазақ тіліндегі сайттарды дамытуға байланыс және ақпарат министрлігі дайын. Алайда бұл мәселені жалғыз ғана министрліктің күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. «Сондықтан біз қазақ тілінің дамуына мүдделі топтардың барлығын ортақ іске үлес қосуға шақырамыз. Біз олар тарапынан айтылған кез-келген жақсы идеяны қолдауға дайынбыз», - деді министрдің орынбасары.