Интернетке бақылауды күшейтуге қатысты қарсылық акциясы өткізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұл орталығында интернетке бақылауды күшейту туралы заңға қатысты қарсылық акциясы өтті, деп хабарлайды euronews.
Аталмыш заң жобасы билікке сайттарды оқшаулауға мүмкіндік беріп, интернет-провайдерлерді желінің тұтынушылары туралы мәліметтерді сақтауға міндеттеп отыр. Осыған орай халық заңға қарсылық шарасын өткізу мақсатында ереуілге шықты. Соған қарамастан, санаулы күннің ішінде биліктің бастамасымен елдегі жүздеген сайттың жұмысы тоқтатылды.
Ереуілшілерді тоқтату үшін полиция су шашып, резина оқтары мен газды пайдаланып жатыр. Ал ереуілшілер болса оларға жауап ретінде тас пен жандырғыш заты бар бөтелке лақтыруда.
«Ереуілшілер премьер-министрдің «ешкім де интернетке цензура қоймайды» деген сөзіне сенбейді. Сондықтан, олар президент аталмыш заң жобасына тыйым салады деп үміттеніп отыр» делінген телеарна хабарламасында.