Интернетте есірткі сатты деген күдікпен ауыл тұрғындары ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында Интернет арқылы есірткі таратуы мүмкін күдіктілер ұсталды. Оларды қолға түсіру операциясының видеосын ҚР Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел тобы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп, интернет арқылы есірткі сатуы мүмкін екі ауыл тұрғынын ұстады және есірткінің ірі партиясын тәркіледі. Жедел шаралар нәтижесінде аудандардың бірінен есірткі жасап, өлшеп-орайтын кішігірім зертхана табылды. Сол орында алты келіден астам есірткі тәркіленді», - деп хабарлайды полицейлер.
Есірткі заттарын сақтау және сату күдігімен өңірдің екі тұрғыны ұсталып, уақытша оқшаулағышқа тоғытылды. Табылған есірткі заттарына сараптама жасалады. Облыстық полиция аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жалғастыруда.