Интернеттегі қазақ тілінің жағдайы талқыланбақ
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - 17 қыркүйек күні Алматыдағы «Достық үйінің» Үлкен залында (Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 40 үй) сағат 10:00-де «Интернет желісінде қазақтілді мазмұнды дамыту және насихаттау» тақырыбында семинар-тренинг өтеді.
Бұл туралы «WikiBilim» қоғамдық қоры хабарлайды.
Семинар аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қамқорлығымен жүзе асырылып жатқан «WikiBilim» қоғамдық қорының бірқатар жобалары таныстырылмақ. Атап айтсақ, Лоуренс Лессигтің «Еркін мәдениет» атты кітабының қазақша басылымы («Free Culture», «Свободная культура») таныстырылады. Кітап интернеттегі авторлық құқық мәселелерін қайта қарауға арналған. Сондай-ақ, семинарда «Қазақстанның ашық кітапханасының» (www.iKitap.kz ) және кітапхана аясында жұмыс істейтін онлайн «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінің» тұсаукесері болады.
Семинар жұмысына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, халықаралық және қазақстандық интернет жобалардың жетекшілері, ғылыми орталықтар мен шығармашылық қауымдастық өкілдері қатысады.
Шарының бағдарламасында онлайн журналистика негіздерімен танысқысы келетіндерге білім беру тренингтері қарастырылған.
Семинар есігі қызығушылық танытқан көпшілікке ашық.