Интернеттегі қазақ журналистикасын дамытудың бағдарламасын әзірлеу қажет - «Айқын» газетінің бас редакторы

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда газет-журналдардың орнын басып келе жатқан Интернет журналистикасы туралы ұмытпау қажет.

Интернеттегі қазақ журналистикасын дамытудың бағдарламасын әзірлеу қажет - «Айқын» газетінің бас редакторы

Әсіресе, әлемдік ғаламтордағы қазақ журналистикасының бағыт-бағдарын анықтап, оны дамытудың нақты бағдарламасын әзірлеу керек. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» барысында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп осы мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде Интернет басылымдарының саны күн санап өсуде. Бірақ олардың ішінде қазақ тілді сайттардың және онда қызмет атқаратын журналистердің саны аз. Сондықтан бізге осы саланы дамыту қажет. Қазір, бүкіл республика компьютерлендіріліп жатқан кезде Интернет журналистикасының рөлі артуда. Бұның дамуы, әсіресе, еліміздің шалғай аймақтарын орталықтандыруға, бір мақсатқа жұмылдыруға өз септігін тигізеді деп білеміз. Осы мәселені мемлекеттігімізді нығайту мақсаты аясында реттеп, арнайы бағдарлама әзірлеу қажет», - дейді Н.Жүсіп. Н.Жүсіп атап өткендей, бүгінгі таңда қазақ журналистикасына шетелдік БАҚ-тың әсерін барынша төмендету қажет. «Мәселен, Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарының экспансиясы - біздің тәуелсіздігімізге төніп тұрған бірден-бір қауіп».