Интерполдың «қара тізімінде» тұрған қазақстандық азамат Бішкек әуежайында ұсталды
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның ІІМ қызметкерлері Бішкектің «Манас» әуежайында Интерпол жүйесі бойынша халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық азаматты ұстады.
«Манас» әуежайындағы жедел-іздестіру шарасын жүргізу нәтижесінде 1961 жылы туған ҚР азаматы Гусейнов Юсиф Поладоглы қолға түсті. Ол Х. Юсиф атты Әзербайжан азаматы ретінде Бішкектен Түркия еліне ұшпақ болған», делінген Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ю.Гусейнов ҚР ҚК 259-бабы 3-тармағы бойынша («Есірткі және психотропты заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе сату») және 2013 жылдың қараша айынан Интерпол жүйесі бойынша іздеуде жүргені анықталды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2010 жылы сәуірде Петропавлда ҚР ҰҚК қызметкерлері салмағы 45 келі болатын ауған гашишін қолға түсірді. Бұл заңсыз әрекеттерді ұйымдастырғандардың бірі Ю.Гусейнов ол кезде ізін суытып үлгерген. Осы уақытқа дейін ол Қазақстан шекарасынан тыс аймақта, соның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстанда жасырынып жүрген.
Ю.Гусейнов қамауға алынды, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.