«Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу ұсынылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Елбасының инвесторларға арналған жаңа ынталандырулар топтамасын енгізу бойынша тапсырмасын орындау мақсатында ұсынылып отырған шараларды жариялады.

«Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу ұсынылуда

«Бірінші кезектегі шаралар ретінде, инвесторлармен инвестициялық келісімшарттар жасасу тетіктерін қайта қарау бөлімінде «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Біріншіден, мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын енгізу ескерілуде. Осы орайда нысанды іске қосқаннан кейін мемлекет тарапынан күрделі қаржы шығындарының 30 пайызына дейін өтеу бойынша инвестициялық субсидия, корпоративті табыс салығын төлеуден 10 жылға дейін мерзімге босату, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекеттік мекемелер тарапынан инвесторлардың тауарлары мен қызметтеріне ұзақ мерзімді кепілді тапсырыс қарастырылмақ», -деді министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар салық, көші-қон, экологиялық саладағы заңнаманың «тұрақтылық» қағидатын және ұзақ мерзімді кезеңге болжамды реттелмелі тарифтер мен бағаларды енгізу көзделмек. Бұған қоса, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция комитетіне инвесторлардың өтінімдері бойынша рұқсаттамалық құжаттар және ақпарат беруді үйлестіру жөніндегі функцияларды беру арқылы инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу ұсынылуда.