Инвестициялар вице-министрі ескі автокөліктерді елімізге әкелуге салынған тыйым бойынша түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау журналистерге ескі автокөліктерді әкелуге салынған тыйымға қатысты түсінік берді.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталған тыйым негізінен дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттің күшіне енуіне байланысты.
«Яғни, Кеден одағының аумағына Еуро-4 стандартына сәйкес келмейтін және қолданыста болу мерзімі жеті жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салынады. Дегенмен, бұл мәселеде біршама олқылықтар, қайшылықтар орын алып отырғаны да рас. Жалпы, Кеден одағының аумағында ондай көліктер емін-еркін қозғалыста бола алады. Алайда және бір нормативтік актіге сәйкес, осы бағытта арнайы ұлттық талаптар енгізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда ойлантатын мәселе, біз бұған дейін де ескі көліктерді көптеп әкелдік. Осыны ойлануымыз керек. Сондықтан да, егер көлік Еуро-4 стандарттарына сәйкес келсе, оның қолданылған мерзімі келіп тұрса, онда көліктерді елге әкелуге еш тыйым жасалмайды», - деді А. Рау.