Инвестициялар және даму министрі Facebook-ке тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты.

Инвестициялар және даму министрі Facebook-ке тіркелді

Оның сөзі бойынша, бұл министрлік пен азаматтар арасында жедел байланыс орнатуға сеп болмақ.  

«Қымбатты достар! Фейсбуктегі парақша менің атқарып отырған қызметіме байланысты ашылды. Бүгінде әлеуметтік желілер заманауи қоғам өмірінде орасан зор рөл атқарады. Олардың басты ерекшеліктері интербелсенділік, керібайланыс механизмдері, оның ішінде азаматтардың сұранысына қолма-қол назар аудару мүмкіндігі болып табылады», - деп атап өтті министр Facebook-те жариялаған алғашқы жазбасында.

«Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі - еліміздегі ең ашық мемлекеттік органдардың бірі. Біз бұдан былай да ашық ақпараттық саясатты ұстанатын боламыз. Сіздерді министрліктің қызметіне байланысты ең өзекті мәселелер жөнінде ұдайы хабардар етіп отыруға тырысамын. Сіздермен өзара тиімді ынтымақтастық орнауына үміттімін», - деді Ж. Қасымбек.