Инвестициялар және даму министрлігі Индустрияландыру бағдарламасының форматын өзгертпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ИИД МБ бағдарламасына өзгерістер енгізу жобасын дайындамақ. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев мәлім етті.

Инвестициялар және даму министрлігі Индустрияландыру бағдарламасының форматын өзгертпек

«Бірінші, біз бағдарламаны «White paper» (Ақ қағаз) форматында жасауды ұсынамыз. Ол кез келген пайдаланушыға өте түсінікті және оқуға жеңіл болады. Өңдеуші салада жасалатын өнеркәсіптік саясаттың барлық жоспарларын сарапшылар, аудан және сала субъектілері үшін ұғынықты болуы тиіс. Екінші, біздің алдымызда бағдарламаны қызметтік-индустриалық моделге көшу міндеті қойылғанына қарамастан, министрлік осы міндетті түрлі бағдарламаларға үлестіруді ұсынады. Оның ішінде қызмет көрсету саласы да кіреді», - деп атап өтті вице-министр.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы ҚР Индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асырудың негізгі тетіктерін өзгертуді тапсырған болатын. Бірінші кезекте ол бағдарламаның базалық шарттарын өзгертуге қатысты болып отыр.