Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында диқандарға 4,9 млрд теңге беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы он ай ішінде инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында «Қазагромаркетинг» АҚ-на агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінен барлығы 1 634 өтінім қабылданған.
None
None

Олардың ішінде 1 420 өтінім бойынша әкімдіктердің жанындағы комиссия отырыстарының қорытындыларына сәйкес, субсидиялардың төленуі мақұлданды. Мақұлданған жобалардың жалпы құны 24,8 млрд. теңгені құрап отыр. Ал, төленуі мақұлданған субсидия көлемі 4,9 млрд. теңге.

Бағдарламаға еліміздің 14 облысы мен Астана қаласының АӨК субъектілері қатысып отыр.

Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында ағымдағы жылға қаралған барлық субсидиялар толық көлемде игерілді. Павлодар, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Атырау облыстары мен Астана қаласында бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Мақұлданған өтінімдердің көбісі мынадай бағыттарға тиесілі:

1. «Ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтау» - 654 өтінім;

2. «Етті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және шошқа шаруашылығы бойынша шаруашылықтар құру және кеңейту» - 294 өтінім;

3. «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын салу (құдықтар, ұңғымалар)» - 226 өтінім.

Мақұлданған өтінімдер бойынша субсидиялардың неғұрлым көп бөлігі мына салаларға бағытталады:

1. «Ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтау» - 1,4 млрд. теңге;

2. «Етті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және шошқа шаруашылығы бойынша шаруашылықтар құру және кеңейту» - 727 млн. теңге;

3. «Сыйымдылығы 3000 мал орнынан кем емес бордақылау алаңдарын құру және кеңейту» - 503 млн. теңге.

Инвестициялық субсидиялау былтырдан бері «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.

Инвестициялық субсидиялар еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға кеткен инвесторлар шығындарының 20-дан 80%-ға дейінгі үлесін өтеуге бағытталады. Бұл бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешеннің басымды салаларында жаңа өндірістік қуаттар құру немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мақсатында сатып алынған техника мен құрал-жабдықтардың, сонымен қатар іске асырылған құрылыс-монтаж жұмыстарының құны ішінара өтеледі. Жалпы бағдарлама бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің 18 өндірістік бағыты қамтылған.

Еске сала кетсек, инвестициялық субсидиялау елімізде алғаш рет «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында былтырдан бері жүзеге асырыла бастады.

Соңғы жаңалықтар