Инвестициялық даулардың 80 пайызында меморгандардың уәжі теріс болып шығады – Жоғарғы сот судьясы
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғарғы соттың судьясы Нұржан Қайыпжанов Жоғарғы сотқа инвесторлар қандай мәселелермен жиі шағымданатынын айтты.

«2021 жылғы шілдеден бастап жұмысқа кіріскен әкімшілік соттардың жұмысын саралайтын болсақ, бүгінгі таңда талапкерлердің талап-арыздарын қанағаттандыру пайызы 79-80 пайыз болып отыр. Сонда мемлекеттік органдарға шамамен 20 пайызға ғана жеңіп отыр, қалғаны кәсіпкерлердің, инвесторлардың пайдасына шешілуде», - деді ол инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне арналған форумда.
Айтуынша, әкімшілік соттар ашылғанға дейін сот шешімдерінің инвестор пайдасына шешілу көрсеткіші 15 пайыз болған.
«Бұл даулар экономиканың барлық саласын қамтиды. Бірақ мұнай-газ саласындағы, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша ірі кәсіпкерлерде мәселе туындап жатады», - деді Жоғарғы сот судьясы.
Нұржан Қайыпжанов инвестор мен мемлекеттік органдар арасындағы даулар көбінесе қандай мәселелер төңірегінде туындайтынын да айтты.
«Инвесторлар мемлекеттік органдармен келісімшартқа отырғаннан кейін тараптардың арасында дау туындайды. Мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаттарды уақтылы беруі, келісімшарттардың мерзімін ұзарту мәселесі бойынша даулар туындайды. Кей жағдайда мемлекеттік органдар осындай келісімшарттарды негізсіз, біржақты бұзып жатады. Сол келісімшарттардың төңірегінде туындайтын даулардың бәрі біз арқылы өтеді», - деді ол.
Сондай-ақ, ол туындаған даулардың 20 пайызы ғана мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп жатқанын әкімшілік соттардың тиімді жұмысымен байланыстырды.
«Оны мемлекеттік органдардың қателігі көп деп біржақты айтуға болмайды. Бірақ инвесторлардың мүдделерін соттар қорғап отыр деп айтуға болады», - деді Жоғарғы сот судьясы.