Инвестициялық жобалардың баяулауына байланысты Қайрат Мақсұтов қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімімен Қайрат Берікұлы Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы Үкімекттің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Бұл шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қарқынының баяу жүруіне, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты қабылданды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Самұрық-Қазынаның» 2027-2029 жылдарға арналған 21 трлн теңгелік жоспарымен танысқан болатын. 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салалары бойынша 21 триллион теңгеге 38 жобаны іске асыру көзделіп отырғаны айтылған еді.