Инвестордың меморгандарға қатысты шағымын қарайтын жұмыс тобы құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикасына қаражат салуға мүдделі шетелдік инвесторлар енді мемелекеттік органдардың жұмысына қатысты шағымын арнайы құрылған жұмыс тобына жолдай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инвестордың меморгандарға қатысты шағымын қарайтын жұмыс тобы құрылады

«Осы өкімнің қосымшасына сәйкес құрамда «Инвесторлардың мемлекеттік органдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдарын қарау мәселелері жөніндегі» тұрақты жұмыс тобы құрылсын», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет өкімінің-жобасында.

Белгілі болғандай, бұл бастама елдегі Инвестициялық омбудсмен институтын нығайту мақсатында ұсынылып отыр.

«Жобаны қабылдау инвесторлардың мемлекеттік органдардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағымдарын тиімді қарауға, сондай-ақ Инвестициялық омбудсмен институтын нығайтуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірме берілген өкімге.

Құжат 2 тамызға дейін көпшілік талқылауда болады.

Еске салайық, бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров ел экономикасына ең көп инвестиция салған топ-10 елді атаған еді. Олар Қазақстан экономикасына 28 млрд долларға жуық қаражат бағыттаған.