Инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керек – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Инвестиция тарту экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі болып қала береді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
- Барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары, Астана және Шымкент қалалары өсуді қамтамасыз етті. Ең төмен көрсеткіштер - Атырау, Ұлытау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында. Аталған өңір әкімдері қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін тиісті іс-шараларды қабылдасын. Сонымен қатар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру үшін тың тәсілдер қажет. Бағдарламалық құжаттардың орындалу барысын жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ету керек, - деді Үкімет басшсы.
Премьер-Министр ағымдағы жағдайда, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында белсенді шаралар қабылдауы қажеттігін баса айтты.
- Инвестиция тарту экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі болып қала береді. Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын проблемаларды шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді тапсырамын. Инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керек. Сондай-ақ әкімдіктерге проблемалық мәселелерді жүйелі түрде өңірлік Инвестициялық штабтарда қарап отыруды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.