Инвестжобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі

Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Коллаж
Kazinform коллажы

«Өздеріңізге белгілі, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе (837-ден 402-ге дейін) азайды. Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе (416-дан 92-ге дейін) қысқарды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән берілетінін айтты.

«Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сондай-ақ оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді», - деді Мемлекет басшысы.