Инженер-педагог мамандардың жалақысы әлі де төмен - сенатор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіптік техникалық білім беру орындарындағы инженер-педагогтардың жалақысы әлі де төмен. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба туралы келісімді талқылау барысында депутат Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені көтерді.
«Кәсіптік техникалық білім беру орындарындағы инженер-педагогтардың жалақысы әлі де төменгі деңгейде қалып отыр. Сондықтан да, жоғары білікті мамандар бұл салада аз. Біз оқу стандарттарын халықаралық деңгейге сәйкестендіргенімізбен, оқытушы инженерлердің, оқытушы шеберлердің еңбегін ынталандырмай отырмыз. Бұл тетік жасалмайынша, жобаларымыздың нәтижелері күтілген деңгейде болмауы да мүмкін», деді М. Бақтиярұлы.
Айта кетейік, Сенат қабылдаған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» Заңында техникалық және кәсіптік білім берудің, оқытудың және жоғары білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру көзделеді. Бұл ретте жобаға Халықаралық Банктен 100 млн доллар қарыз бөлінбек. Жобаны 2020 жылдың 30 маусымына дейін аяқтау жоспарланған.