Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бөлінген қаржының 89 пайызы игерілді
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына 36,6 млрд. теңге қарастырылды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
«Оның ішінде Ақмола облысындағы Қосшы ауылын дамыту бойынша (Астананың қанаттас қаласы) алдын ала жұмыстарды жүргізуге 1,225 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Алматының 4 қанаттас қаласының құрылысы бойынша алдын ала жұмыстарды жүргізуге Алматы облысында 5,375 млрд. теңге игерілмек»,-деді вице-министр.
Қ. Өскенбаевтың сөзіне қарағанда, 6 айдың ішінде өңірлерге 16,8 млрд. теңге аударылып, оның 14,9 млрд. теңгесі игерілді.
Қаржының игерілуі тұрғысында төмен көрсеткіш Жамбыл облысында тіркелген. Бұл өңірде конкурс кеш өткізілген көрінеді. Бұдан бөлек сот талқылауларына байланысты Астанада мердігермен өндіріс жұмысы кестесінен қалыс қалуы байқалуда.