IOAI-2026: шетелдік қатысушылардың пікірі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада өтіп жатқан Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына 106 мемлекеттің жастары келді. Әр елдің командасында төрт қатысушыдан бар. Шетелдік үміткерлердің кейбірін әңгімеге тартып, олимпиадаға дайындығы, жоспарлары жөнінде сұраған едік.
Малайзияның Пенанг штатынан келген Ишуан Лоу — 19 жастағы студент, болашақ ЖИ саласының маманы. Ол халықаралық деңгейдегі ЖИ жарысына алғаш рет қатысып отырғанын айтады.
— Астанада өтіп жатқан олимпиадаға наурыз айынан бастап дайындалдық. Бұл үшін арнайы оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Командаластарыммен бірге дәріс тыңдадық және зертханалық жұмыстарды атқардық. Жасанды интеллектіге қатысты тұжырымдамаларды меңгердік. Жиған біліміміз бен тәжірибемізді осы сайыс барысында қолданамыз, — дейді Ишуан.
Сонымен бірге, IOAI-2026 үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
— Бұл олимпиаданың маңызы зор деп ойлаймын. Себебі, дүние жүзіндегі қатарластарымызбен танысып, тәжірибе алмасамыз. Байланыс орнатқан соң, болашақта бірлесіп жұмыс істеуіміз де мүмкін, — дейді ол.
Малайзиялық өрен Қазақстан қатты ұнағанын айтады.
— Бұл елдің халқы өте мейірімді, қаланың ғимараттары заманауи, тағамдары дәмді екен. Қазақстан мен Малайзия технологиялық бағытта дамып келе жатыр. Қос ел де ЖИ саласына аса мән беріп, заманауи технологияларды өркендетуде, — деп түйіндеді ол.
Ал Португалиядан келген Мартин Кармело 17 жаста. Мектепте бірнеше жылдан бері бағдардамауды және Python тілін оқып, бұл салаға көп уақыттан бері машықтанып жүр.
— Меніңше, Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының маңызы орасан. Өйткені, тәжірибең артады. Адам ретінде де, маман ретінде де өсесің. Бұл — өз қабілетіңді дәлелдеуге мүмкіндік беретін алаң. Болашақта ЖИ мен бизнес секторларын байланыстырып, үлкен компания құруды армандаймын, — дейді ол.
Сонымен бірге, португалиялық оқушы Қазақстанға келгеннен кейінгі әсерін айтып берді.
— Халықтың бәрі жанашыр, мейірімді секілді көрінеді. Жергілікті тағамдарды жеп көрдім, дәмді екен. Жалпы, осы олимпиадаға жиналған әртүрлі елдердің жастарымен әңгімелестім. Өзім адамдармен араласқанды жақсы көремін. Бәрі ұнап жатыр, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін IOAI-2026 ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналғанын жазғанбыз.