Иордания Қазақстанмен қауіпсіздік және экономика салаларында ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі – ІІ Абдалла бен әл-Хусейн

АСТАНА. KAZINFORM – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді. 

Иордания Қазақстанмен қауіпсіздік және экономика салаларында ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі – ІІ Абдалла бен әл-Хусейн
Фото: Ақорда

– Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Иордания Королі.

Сонымен бірге, ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді.

Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді.

Осы орайда, Иордания Королі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Айта кетейік, 6 қарашада Астанада Ақаба процесі саммиті өтеді. Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азия алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысып отыр.

Ақаба процесі — 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған халықаралық бастама. Оның басты мақсаты — терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сессияның жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналатынын хабарлады.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Астана әуежайында Иордания Королін Мемлекет басшысының өзі күтіп алды.

Сондай-ақ Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн келіссөз жүргізді.