Иордания тарапынан бірігіп уран өндірейік деген ұсыныс түскен жоқ – Қазатомөнеркәсіп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басшылығы Иордания корольдігімен бірлесіп уран кен орындарын игеру ұсынысына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иордания тарапы қызығушылық танытқанын біз бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Ресми ұсыныс алған жоқпыз, яғни Иордания тарапы бізге ресми түрде жүгінбеді», - деді «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Ержан Мұқанов компанияда өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы компанияның жаңа ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, тамыздың басында Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Айдарбек Туматов Иорданияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының төрағасы Халед Туканмен кездесті.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимит Корольдігі арасындағы атом энергетикасы саласындағы, оның ішінде уран өндіру және өңдеу мәселелері бойынша ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

«Иордания тарапы корольдіктегі уран кен орындарын игеруде Қазақстанның «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық орнатуға, осы салада бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе және білім алмасуға жоғары қызығушылық танытты», - делінген Сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламада.


Соңғы жаңалықтар