10:03, 23 Қазан 2012 | GMT +5
Иорданияда 11 қыркүйекке теңестірілген лаңкестіктің алды алынды
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Иорданияның арнайы қызметі хабарлағандай, олар елдің астанасы Амманда лаңкестік шабуылдардың жоспарын әшкере етті, деп хабарлады РБК.
Бұл мәліметтерге қарағанда, «Аль-Кайедаға» жақын қылмыскерлер қаладағы сауда орталықтары мен дипломатиялық елшіліктерде жарылыс жасамақ болған.
Ұйымдастырушылар өз арасында «11 қыркүйек» деп атаған шабуыл екі кезеңнен тұруы әбден мүмкін еді. Жанкештілер алдымен өздерін жарып жіберу арқылы полицияның назарын өздеріне аудартуды көздеген. Содан кейін Амман қаласының батысында, Абдунда жойқын жарылыстарды, лаңкестіктерді жасау жоспарланған.
Иорданияның билік өкілдері мәлім еткендей, қылмыстық топ 11 адамнан тұрады. Олардың барлығы қамауға алынды, тексеру амалдары жүргізілуде.