Иорданияда ел премьерінің отставкасы талап етілген наразылық шаралары өтті

Митингтерге 8 мыңдай адам қатысты. Манифестациялар елдің ордасы - Амман қаласында да өтті. Азық-түлік пен отын бағасының қымбаттығы, жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы - халық наразылықтарының басты себебі болып отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Ел өкіметі қоғамдағы жағдайды реттеу үшін, бірқатар тауарлардың бағасын төмендету тәрізді шаралар қабылдады, бірақ ол әрекеттер әзірге нәтиже бермей отыр, деп хабарлады Press TV телеарнасы.
Естеріңізге сала кетейік, Тунисте осындай себептермен басталған бұқаралық шаралар төңкеріске әкеліп, ел президенті Зин әл-Абидин Бен-Әли елден қашуға мәжбүр болған еді. Уақытша билік ел премьері Мохаммед Ганнушидің қолына өтті. Оған қоса, Туниспен көрші Алжир елінде де қаңтар айының басынан бері тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар жалғасып келеді. Оған да азық-түлік өнімдерінің қымбаттығы, халық тұрмысының нашарлауы себеп болып отыр.