Иорданияда үкіметтің жаңа құрамы бекітілді

АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияда премьер-министр Бишер әл-Хасауна басқаратын үкіметтің жаңа құрамы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат PETRA агенттігіне сілтеме жасап.

Иорданияда үкіметтің жаңа құрамы бекітілді

Дүйсенбі күні Корольдің бұйрығымен Башир әл Хасауна премьер-министр мен қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды. Жаңартылған министрлер кабинеті Әл Хусейния сарайында Король ІІ Абдалланың алдында ант берді.

Ал коронавирусқа шалдыққан жаңа үкіметтің мүшесі – Махмут Харабшех карантиннен кейін ант береді.

Салтанатты шараға Корольдің ұлы – мұрагер ханзада Хусейн және Хашимит Корольдігі сотының төрағасы Юсеф Иссави қатысты.

Премьер-министр экономикалық тұрақтылықты арттыру, кедейлік пен жұмыссыздықпен күресудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қызмет көрсету, денсаулық сақтау салаларын жақсартып, пандемияның туристік салаға тигізген зардабын жеңілдетуге уәде берді.

Еске сала кетсек, айдың басында Король Абдалла II бұрынғы премьер-министр Омар Раззазды қызметінен босатып, 27 қыркүйек күні Палатаны таратты. Сондай-ақ үкіметке жалпыға ортақ сайлау ұйымдастыруды тапсырды. Ол 10 қарашада өтеді деп жоспарланған.