Иорданиялық ұшақтар Газа секторына гуманитарлық жүк түсірді
АСТАНА. KAZINFORM – Иордания қарулы күштері бейсенбі күні әскери ұшақтардың Газа секторының солтүстігіне гуманитарлық көмек тиелген екі жүк түсіргенін мәлімдеді.
Операция Бахрейн және Оманмен бірлесіп қоршаудағы аймақта жалғасып жатқан соғыстан зардап шеккен газалықтарға гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында жүргізілді.
Иордания армиясы әуе көпірі арқылы көмек жіберуді жалғастыруға уәде берді.
Оған парашютпен түсіруден басқа ел астанасы Марка әуежайынан ұшып келетін және Мысырдың әл-Ариш халықаралық әуежайына жеткізілетін тұрақты көмек рейстері кіреді.
Келесі кезекте көмек Мысыр әуежайынан Палестина анклавына жіберіледі.

Осы уақытқа дейін Иордания Израиль мен ХАМАС тобы арасындағы соғыс басталғаннан бері Газа секторына әуеден 19 рет гуманитарлық көмек түсіре алды.
Бұл операцияларға Франция, Ұлыбритания, Нидерланд, Мысыр, БАӘ, Оман, Бахрейн және Катар әскерилері қатысты.
Осы аптада әуеден көмек түсіру операциясына Иордания королі Абдалла II тағы қатысып, ұшақ әуе базасынан ұшып шыққанша дайындық пен тиеу процесін тікелей бақылап отырды.
Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Ахмед Абул Гейт бейсенбі күні Иордания, Мысыр, БАӘ және Катар әскери-әуе күштерінің Газа секторына ортақ әуе арқылы көмек жеткізуін құптап, мұны газалықтардың жағдайын жеңілдетудегі маңызды жетістік деп атады.

А.Абул Гейт араб елдерін Израиль жүргізіп отырған аштық пен қоршау саясатына қарсы әрекет ретінде осы операцияларды жалғастыруға шақырды.
Ол сондай-ақ бұл күш-жігердің Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты азайтуға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлады иорданиялық Petra ақпарат агенттігі.