Иорданияның көлік министрі Алматыда өтетін министрлер басқосуына қатысады
АММАН. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қазақстанның Иорданиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Сәрсенбаев Қазақстан Президентінің және ел Үкіметінің тапсырмаларын орындау мақсатында әрі көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін сәрсенбі күні Амманда Хашимиттер Корольдігінің жақында тағайындалған көлік министрі Сахль Әл-Мажалимен кездесті.
ҚазАқпараттың Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігіне сілтеме жасап хабарлауынша, кездесу барысында екі елідің көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, 2007 жылы тамыздың 8-інде Астанада қол қойылған Халықаралық автокөлік қатынасы туралы және Әуе қатынасы туралы келісімдерінің бұған дейін парафирленген жобасы бойынша мемлекетішілік келісу процедураларын жеделдетудің мүмкіндіктері қаралды. Иордания министрі бұл құжаттар бойынша жағдай туралы қазақстандық тарапты жақын арада хабардар ететінін айтып өтті. Б.Сәрсенбаев сондай-ақ Иордания министрін Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауының негізгі тарауларымен, еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізіп отырған жетістіктерімен таныстырды. Министр Сахль Әл-Мажал өз кезегінде, маусымның 11-12-сінде Алматыда «Жібек жолы: елестетуден нақтылыққа» деген тақырыпта өтетін министрлер кездесуіне қатысу үшін Қазақстанға сапар жасайтынын және екі мемлекеттің арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселесі бойынша қазақстандық әріптесімен келіссөз жүргізетінін хабарлады.