iPad-қа да аллергия болады екен
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та 11 жасар балада iPad-қа аллергия пайда болды. Жергілікті клиниканың дәрігерлері баланы тексеруден өткізе келе осындай шешімге келді.
Pediatrics журналының жазуынша, науқасты тексеріп, оның денесіндегі бөртпелерді байқаған ақ халаттылар бұған iPad-ты жасау кезінде пайдаланылатын никель себеп болды деген шешімге келді. Баланың ата-анасы 2010 жылы оған аталмыш құралды сатып алып берген екен, бала сол кезден бері оны күн сайын пайдаланып келген.
Аллергиядан құтылу үшін оқушы стероидтармен және антибиотиктардың көмегімен емдеу курсынан өтуге мәжбүр болған.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, адамдарда жасалуы кезінде никель пайдаланылатын электрондық жабдықтарға аллергияның пайда болуы жиілеп барады. Бүгінгі таңда АҚШ-тағы балалардың 25%-нан никельге аллергия анықталған. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 17%-ды құраған. Дәрігерлер мұндай жағдайда құралға арналған қапшық немесе пленканы пайдалануға кеңес береді.