iPhone 18-ге қатысты жаңа алаяқтық схема пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беруді сылтауратып, азаматтарды алдауға бағытталған жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертті.
Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар жаңа смартфонға деген қызығушылықты пайдаланып, азаматтарға жалған хабарламалар мен ұсыныстар жібере бастады.
Алаяқтық схема қалай жұмыс істейді?
Бір жағдайда алаяқтар Apple компаниясының атынан азаматқа iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс берілгені туралы жалған хабарлама жібереді. Одан бас тарту үшін көрсетілген «қолдау қызметіне» қоңырау шалуды ұсынады.
Алайда хабарламадағы нөмір алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар тапсырыстан бас тарту сылтауымен банк деректері, құпия сөздер және басқа да жеке ақпаратты сұрап, адамды белгілі бір әрекеттерді жасауға көндіруге тырысады.
Екінші жағдайда азаматтарға iPhone 18 смартфонын тиімді бағамен брондау және жылдам жеткізу ұсынылады. Тапсырыс рәсімдеуге арналған сілтеме жалған сайтқа бағыттайды. Онда банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да құпия ақпарат сұралады.
Мұндай мәліметтер кейін есептік жазбалар мен банктік сервистерге кіру немесе ақша ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.
— Алаяқтардың негізгі тәсілі — адамды асығыс шешім қабылдауға итермелеу. Күтпеген тапсырыстан қорқу немесе тиімді ұсынысты жіберіп алудан қауіптену азаматтың сақтық шараларын ұмытуына әкелуі мүмкін, — дейді мамандар.
Құқық қорғау органдары алаяқтардан сақтану үшін:
- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға;
- құпия сөздерді, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеуге;
- бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатпауға және құрылғыға қашықтан кіруге рұқсат бермеуге;
- сайттың түпнұсқалығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасамауға;
- тапсырыс туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өз бетінше тексеруге кеңес береді.
Егер банк картасының деректері алаяқтарға беріліп қойса немесе күмәнді ақша есептен шығарылғаны байқалса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сондай-ақ полицияға арыз берген жөн.
Мамандар күтпеген тапсырыс туралы хабарламаны бірден әрекет етуге емес, ақпаратты тексеруге себеп деп қабылдауға шақырады. Ал кодты шұғыл хабарлауды немесе ақша аударуды талап ету — алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Осыған дейін Астана әуежайында жолаушылар 223 iPhone-ды кеденнен жасырын өткізбек болғанын жазғанбыз.