iPhone арқылы көлікті кілтсіз оталдыру мүмкін болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Apple компаниясы автокөлік жүйелерін iPhone арқылы басқаруға мүмкіндік беретін жаңа технологиясын патенттеді. Бұл жаңа қызмет түрі туралы АҚШ-тың патенттік бюросының сайтында хабарланған, деп жазады autonews.ru.

iPhone арқылы көлікті кілтсіз оталдыру мүмкін болмақ

Смартфонында Bluetooth-дың көмегімен көлігімен байланыс орнату арқылы оның иесі өзінің «темір тұлпарының» қайда екенін бірден біле алады. Сондай-ақ ол қашықтықтан басқару арқылы автомобилінің оталдырғышын ешқандай кілтсіз іске қосып, жүк салғышын автоматты түрде аша алады. Әрі, iPhone арқылы машина иесінің өзіне қай жағынан таяп келгенін «біліп», қажетті есікті «аша» қояды. Яғни, смарфтон мен автобомиль өзара мәліметтер «алмасып» тұрады. Мәселен, iPhone көлік иесінің одан бес минуттық жерде екенін «аңғарса», салондағы желдеткішті немесе жылытқышты автоматты түрде іске қосады. Мұндай байланыс орнату CarPlay қосымшасының арқасында мүмкін болып отыр. Оның көмегімен автокөліктің мультимедиялық жүйесінің экранына түрлі қосымшаларды шығаруға болады. Аталмыш қосымшаны өз көліктеріне қосуды Ferrari , Mercedes-Benz, Volvo, BMW, Ford, Honda, Hyundai, Jaguar Land Rover, Kia, Mitsubishi, Nissan, Peugeot, Citroen, Subaru , Suzuki және Toyota қолға алмақ.