Ипотекаға жол тарылды ма — сарапшы жаңа талаптардың мәнін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Баспана несиесінің пайыздық мөлшерлемелерінде айтарлықтай өзгеріс күтілмегенімен, ипотека рәсімдеу кезінде азаматтардың табысын растау мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түспек. Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында тұрғын үй сарапшысы Айдос Атаев Қазақстандағы ипотека нарығындағы қазіргі ахуалға тоқталды.
Пайыздық мөлшерлеме 8,5 пайызға өсті
Сарапшының айтуынша, бүгінде ипотекалық бағдарламалардың басым бөлігі бұрынғыдай жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Дегенмен Отбасы банкіндегі бірқатар үйлердің пайыздық мөлшерлемесі өзгерген.
Мәселен бұрын 8 пайызбен берілген кей бағдарламалар қазір 8,5 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. 30/70 бағдарламасындағы көрсеткіш те 7,5 пайыздан 8,5 пайызға көтерілген. Алайда тұрғын үй несиесі бойынша 5 пайыздық мөлшерлеме сақталған.
Маман мұндай өзгерістерді инфляциямен және қаржы нарығындағы жалпы жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, соңғы жылдары екінші деңгейлі банктер де ипотекалық өнімдерінің мөлшерлемесін бірнеше рет қайта қараған. Сондықтан қазіргі өсімді нарық үшін қалыпты құбылыс деуге болады.
Сонымен қатар сарапшы алдағы уақытта ипотекалық мөлшерлемелердің айтарлықтай қымбаттауын күтпейтінін айтты. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша жүргізіп отырған саясаты әсер етуі мүмкін.
Басты мәселе — табысты растау
Айдос Атаевтың пікірінше, қазіргі таңда ипотека нарығындағы ең маңызды өзгеріс пайыздық мөлшерлемеде емес, азаматтардың төлем қабілетін бағалау жүйесінде болып отыр.
— Егер бұрын банк үшін алғашқы жарна көлемі маңызды болса, енді ресми табысты растау мәселесі басты назарға алынады. Себебі пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі ай сайынғы төлем көлеміне әсер етеді. Тиісінше қаржы ұйымдары несие алушының сол жүктемені көтере алатынына көз жеткізуге тырысады, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, ресми табысы бар азаматтар үшін ипотека алу мүмкіндігі сақталады. Ал табысын құжат жүзінде дәлелдей алмайтын адамдарға қойылатын талап күшейе түсуі мүмкін.
Қазір табысын растай алатын азаматтар үшін бастапқы жарна көлемі 20 пайыздан басталса, табысын растай алмайтындар кей жағдайда 50 пайызға дейін алғашқы жарна төлеуге мәжбүр болады.
Бұл әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге және ресми еңбекақы алмайтын адамдарға әсер етуі ықтимал.
Жастарға арналған бағдарламалар сақталады
Сарапшы ипотека нарығында мүмкіндік азайып кетті деген пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, бүгінде мемлекет жастарды баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Қазір «7-20-25» бағдарламасы жұмысын жалғастырып отыр. Сонымен қатар өңірлерде жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламалары бар. Астана мен Алматыда іске асырылып жатқан жобалардан бөлек, бірқатар облыста жеңілдетілген несиелеу тетіктері қарастырылған.
Сондықтан ипотекамен үйлі болу қиын деуге негіз жоқ. Керісінше қойылған талаптар азаматтардың қаржылық мүмкіндігін ескеруге, қаржылай сауатты болуына бағыттап отыр.
Үй бағасы өсуін жалғастырып жатыр
Айдос Атаев тұрғын үй бағасының өсу мәселесін де көтерді. Сарапшының айтуынша, сұраныс жоғары болған сайын баспана құны да арта береді.
Әсіресе бастапқы нарықтағы пәтерлер қымбаттап жатыр. Бұған құрылыс материалдарының бағасы, жұмыс күші шығындары және тұрғын үйге деген тұрақты сұраныс әсер етеді.
Қазір құжаты толық дайын жаңа пәтерлердің бағасы айтарлықтай жоғары. Кей өңірлерде екі бөлмелі пәтерлердің құны 30 миллион теңгеден асып кеткен.
Маманның пікірінше, алдағы уақытта да тұрғын үй бағасының төмендеуіне негіз болатын факторлар байқалмайды.
Бастапқы кезеңдегі үйді сатып алу дәуірі аяқталды ма?
Соңғы жылдары үлестік құрылыс нарығында да өзгерістер болды. Бұрын азаматтар құрылыс енді басталған кезеңде тұрғын үй сатып алып, кейін түрлі мәселеге тап болатын жағдайлар жиі кездесетін.
Кейбір құрылыс компаниялары өз міндеттемелерін орындай алмаса, енді бірі бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген жағдайлар тіркелді. Соның салдарынан көптеген үлескер қаржысынан айырылды.
Осыған байланысты мемлекет бақылауды күшейтті. Қазір құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарту үшін арнайы рұқсат алуы керек.
— Тұрғын үй сатып аларда құрылыс салушының құжаттарын мұқият тексеру маңызды. Арзан бағаға қызығып, тәуекелі жоғары жобаларға қаржы салу азаматтарды қиын жағдайға қалдыруы мүмкін, — деп ескерті маман.
Айта кетейік, бұған дейін, скорингсіз ипотеканы алу жайлы жазған едік.