Ипотекалық несиелерді сақтандырудың стандартталған шарттары енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ипотекалық несиелерді сақтандырудың стандартталған шарттары енгізілмек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты. 

ипотека
Фото: pixabay.com

— Сақтанушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша шараларын қабылдау жоспарланып отыр. Банк несиелерін алу кезіндегі сақтандыру шығындарын азайту мақсатында банк несиелерімен байланысты сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің комиссиясы сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10 пайызынан аспауы тиіс екендігін көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Бұл түзетулер осы жылдың қазан айында күшіне енеді деп күтіліп отыр, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар ол ипотекалық несиелерді сақтандыру бойынша стандартталған шарттарды енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтады.

— Бұл қарыз алушылар үшін сақтандыру қызметтерін ұсынуға бірыңғай талаптар мен тәсілдерді құруға мүмкіндік береді. Аталған жаңашылдық ашықтықты қамтамасыз етеді және сақтандыруды рәсімдеу процесін жеңілдетеді. Агенттік сондай-ақ ерікті сақтандыру шарттарына қойылатын негізгі талаптарды белгілеу бойынша заңнамалық түзетулерді дайындады. Бұл сақтанушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Қажетсіз немесе тиімсіз сақтандыру шарттарын таңу, төлемсіз сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру төлемдерін негізсіз кешіктіру мүмкіндігін болдырмайды, — деді Мария Хаджиева.

Айта кетейік, 2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,2 трлн теңгеге жетті

Соңғы жаңалықтар