Ипотекалық несиені қайта қаржыландыру мерзімін маусымның 1-іне дейін созуға болады ? Қ. Келімбетов
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ипотекалық несиені қайта қаржыландыру мерзімін маусымның 1-іне дейін созуға болады.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде аталмыш қордың Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мәселесі бойынша екінші деңгейлі банктер 4-5 млрд. доллар көлемінде қаражат сұраған болатын. Бұл көрсеткіш біздің еліміздің толық көлемдегі ипотекалық қоржынын құрайды. Сондықтан да Үкіметтің ипотекалық ставкаларды төмендету туралы мәселе қысқа мерзім ішінде атқарылып бітетін шаруа емес. Қазіргі жағдайға келсек, аз уақыт ішінде екінші деңгейлі банктерге бөлінген 120 млрд. теңгенің 47 млрд. теңгесіне қатысты өтініш жасалды, оның ішінде 25 млрд. теңге игерілуде. Бұл жақсы көрсеткіш болып табылады. Сонымен бірге, біз осы ипотекалық несиені игеру мәселесін жыл бойына дейін жүргізуге болады деп санаймыз. Өйткені, бұл бағдарлама туралы біреу білсе, біреулері білмейді. Онымен айналысуды ертеңге ысырып келгендер де баршылық. Жалпы, Үкімет бұл мақсаттағы қаржыны игеру үшін шілденің 1-іне дейін несие алушылар тарапынан өтініш қабылдау қажет деп шешім қабылдаған болатын. Біз бұл мерзімді маусымның 1-іне дейін созуды сұрап отырмыз», - деді Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер өздеріне бөлінген қаражатты оңтайлы пайдаланып отыр.