Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бойынша қабылданған арыздардың саны 12 мыңнан асты - ҚР Ұлттық банкі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша қабылданған арыздардың саны - 12 мыңнан асты. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жалпы сомасы 40,3 млрд. теңге болатын 7 мың арыз бойынша оң шешім қабылданды. Ал күні бүгінге дейін жалпы сомасы 19,6 млрд. теңге болатын 4188 арыз бойынша қарыздар қайта қаржыландырылды», - делінген хабарламада.
Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша арыздар мен құжаттарды қабылдау жұмысы жалғасып жатыр. Бұл мейлінше көп уақытты алатын үдеріс. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша деректер қоры күн сайын ұлғайып жатыр. Бағдарлама бойынша арыздарын қайта қаржыландыруға ниет білдіргендер екінші дәрежелі банкке мүмкіндігінше тезірек өтінім берулері тиіс.
«Бағдарлама бойынша шешімін таппаған мәселелер бар. Оларға Үкіметтің шешімі қажет. Солардың ішінде мысалы салық салу және әсіресе мүлікке тыйым салынған жағдайда құжаттарды қалай заңдық тұрғыда рәсімдеу мәселелерін айтуға болады. Бұл нақты шешімді талап ететін мәселелер», - деді осыған орай ҚР Ұлттық банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі Департаментінің директоры Александр Терентьев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл бағдарламаны белгіленген талаптар бойынша жүзеге асыру қажет. Тек содан кейін ғана бағдарлама талаптарына сай келетін қарыз алушылардың қатарын кеңейтуге болады.
Айта кетелік, биыл мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысында Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 130,0 млрд. теңге бөлінген болатын.
Содан, Ұлттық Банк Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітілді.
Бағдарламаның мақсаты - қарыз алушылардың (кепіл берушілердің) кепілге берілген жалғыз тұрғын үйін сақтау, қарызды өтеуде қарыз алушылардың ең көп санына жәрдемдесу және проблемалық кредиттердің үлесін төмендету болып табылады.