Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 503 солтүстiкқазақстандық мемлекеттен қолдау тапты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елiмiзде ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы қабылданғалы шамамен бiр жыл өттi. Осы уақыт аралығында өтiнiш берген 650 солтүстiкқазақстандықтың 503-i мемлекеттен қолдау тапты. Бұлар 2004-шi жылдың қаңтары мен 2009-дың желтоқсан айлары аралығында пәтер алғандар, деп хабарлады mtrk.kz.

Ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 503 солтүстiкқазақстандық мемлекеттен қолдау тапты

Жомарт Қажырақымов - «ҚР Ұлттық банкi» СҚОФ директоры:

- Бұл облыс бойынша барлық қарыздардың 10 пайызы. Банктер құптаған өтiнiштердiң 95 пайызы қайта қаржыландырылды. Ал республика бойынша бұл көрсеткiш 82 процент.

Ал 65 жерлесiмiзге қаржы институттары қайта қаржыландырудан бас тартқан. Олар арнайы құрылған комиссияның көмегiне жүгiнген. Аталмыш ұйым осы күнге дейiн 37 өтiнiштi еш өзгерiссiз қалдырды, 28-iн банктерге қайта қарауға жөнелтiптi. Ал 17 заемшыға мемлекет қарызын төлеуге көмектеседi. Бүгiнгi отырыста комиссия мүшелерi үш өтiнiштi қарастырды. Василий Суставов ипотеканы 2007-шi жылы рәсiмдеп, 15 жылға 30 мың доллар алған. Азамат қарызын бiр күнге де қалдырмай уақытылы төлеп отырған. Сол себептi банк ескi курспен оны қайта қаржыландырудан бас тартыпты. Ал қазiргiсi Василий Суставовтың қалтасын қағуда.

Василий Суставов:

- Мен бұрын 43 мың төлегенмiн, ал қазiр 90 мың. Бұл мен үшiн тиiмсiз.

Бағдарламаның шарты бойынша заемшыға комиссия мүшелерi көмектесе алмады. Ал қалған екi сұрақты банктерге қайта қарастыруға жiбердi. Айта кету қажет, жуырда қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгертулер енгiзiлдi. Ендi бұдан былай жобаға қатысушы банктердiң саны 9-дан 19-ға артты.

Мұхтар Манкеев - облыс әкiмiнiң орынбасары:

- Қарыз алушының кепiлде тұрған жалғыз баспанасынан бөлек, тағы да бiр жер телiмi болса, ондай қарыздар қайта қаржыландыру мүмкiншiлiгiн алып отыр. Сонымен қатар қарыз алушының кепiлде тұрған жылжымайтын мүлiгi тұрғын үйге жатпаса, ондай да қарыз алушылар қайта қаржыландыратын болады.

Жалпы қайта қаржыландыру бағдарламасына Ұлттық банк өз қазынасынан 130 млрд теңге бөлген екен. Бұл жоба үстiмiздегi жылдың желтоқсанына дейiн жалғасады.