Ирак астанасында жаппай наразылық шаралары өтуде

БАҒДАТ. ҚазАқпарат - Ирактың оңтүстігін түгелдей қамтыған жаппай наразылық акциялары елдің астанасы Бағдат қаласына жетті, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Ирак астанасында жаппай наразылық шаралары өтуде

Сонымен қатар, үкіметке қарсы митинг Бағдаттың  шииттер басым тұратын Аш-Шуле ауданында да өтті. Қауіпсіздік күштерінің өкілдері бұл аумаққа келген кезде наразылық білдірген халық автокөліктердің шиналарын өртей бастаған.

Лдын ала болжам бойынша наразылық шаралары  Ирак астанасының өзге аудандарына да таралуы ықтимал.

Ал Ирактың оңтүстігінде коммуналдық саланың нашарлауына және электр қуатын таратудағы ақауларға қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр.

Елдің қауіпсіздік күштеріндегі дереккөздердің айтуынша, Басрада наразылық білдірушілер Ирактың премьер-министрі Хайдар аль-Ибади тоқтаған қонақүйге баса-көктей кірмек болған.

Жергілікті баспасөз хабарлағандай, митинг өткізушілердің бір тобы Наджаф қаласындағы мэрия ғимаратын қоршап алған.

Оңтүстікте орналасқан Мейсан қаласында қауіпсіздік күштері мен наразы халықтың арасында болған қақтығыста бір адам қаза тапқан. Дәл осы қалада митингке шыққан жұрт «Дава» билік партиясының, «Ұлттық даналық қозғалысының», сондай-ақ, «Бедир» және «Исламның жоғарғы кеңесі» ұйымдарының ғимараттарын өртеп жіберген.

Сондай-ақ, манифестанттар Наджаф қаласының жергілікті әуежайына шабуыл жасаған.