Ирак Иранмен шекарадағы үш өткізу бекетін қайта ашып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ирак билігі Иранмен шекарада уақытша жабылған өткізу бекеттерінің жұмысын қайта жандандыру тәртібін белгіледі. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды. 

Ирак Иранмен шекарадағы үш өткізу бекетін қайта ашып жатыр
Фото: Anadolu

Ирак 13 қыркүйектен бастап Иранмен шекарада орналасқан Шейб, Шаламче және Мандали бақылау-өткізу пункттері арқылы жолаушылар мен сауда тасымалын кезең-кезеңімен қалпына келтіре бастады. Бұл шешім премьер-министр Әли әз-Зейдидің өкімімен қабылданғанын Ирак қауіпсіздік күштерінің ақпараттық бөлімі мәлімдеді.

Екі өткізу бекетінде жолаушылар қатынасы қайта жанданды. Ал үш өткізу бекетіндегі сауда қатынасы 17 қыркүйекке дейін кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі.

Бұл шешім шекарадағы ахуал, техникалық жүйелер мен бақылау-өткізу пункттерінің жұмыс тәртібі тексерілгеннен кейін қабылданды. Ирак билігінің мәлімдеуінше, мұндай шаралар шекара қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтар мен жүктің кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған не себеп?

Ирак 12 қыркүйекте әкімшілік және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздікке қатысты заң бұзуды тергеу үшін өткізу бекеттерін уақытша жапқан болатын.

Бұл оқиға Бағдадтың Сауд Арабиясындағы нысандарға жасалған соққылардың Ирактың Майсан провинциясынан бастау алғанын растағаннан кейін туындады.

Еске сала кетейік, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі бұған дейін «Шығыс — Батыс» мұнай құбырына шабуыл жасаған бірнеше дрон Ирак аумағынан ұшырылғанын хабарлаған.

Соққының салдарынан мұнай құбыры зақымданып, бірнеше адам зардап шекті. Эр-Рияд Ирак үкіметі басшысының өтініші бойынша әзірге қарымта соққы бермей отырғанын мәлімдеді.

Ирак оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр 

Осы оқиғадан кейін Ирак премьер-министрі Майсандағы қауіпсіздік күштерінің қолбасшысы мен өңір полициясы басшысын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ жергілікті құқық қорғау органдарының басшыларына қатысты тергеу жүргізуді тапсырды.

Бағдад шекара өткелдерінің уақытша жабылуын жедел жағдайды, техникалық жүйелерді және шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін тексерумен байланыстырды.

Сонымен бірге Ирактың Shafaq News агенттігі дереккөзге сілтеме жасап, шекара өткелдерінің жабылуы Тегеранға экономикалық қысым жасау мақсатында қолға алынғанын хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, Ираннан Иракқа материалдар, қару-жарақ және дрондар өндіруге арналған жабдықтар жеткізіліп, кейін оларды қарулы топтар Сауд Арабиясына шабуыл жасау үшін пайдаланған. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. 

Иран қолдайтын қарулы топтарды біріктіретін «Ирак ислам қарсылығы» ұйымы шабуылға қатысы барын жоққа шығарып, тергеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Әзірге шабуылға жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ.

Иран Сыртқы істер министрлігі 14 қыркүйекте Тегеранның шабуылға қатысы бар деген айыптауларды жалған деп бағалады. Бұған дейін Иран тарапы Иран–Ирак шекарасына жақын жерден анықталған дрондарды ұшыру алаңдарына қатысты бірлескен тергеу жүргізуді ұсынған болатын. Ирак премьер-министрі бұл бастаманы қолдады.

Бұл ретте екі ел арасындағы шекара толық жабылған жоқ. Осы күндері тағы екі өткізу бекеті жолаушылар мен коммерциялық жүктерді тәулік бойы өткізіп отырды.

Бұған дейін Иракта қауіпсіздік шараларына байланысты бірқатар шекара бекеті жабылғаны хабарланған болатын.

 

Ақзат Жиеналина