Ирак Сауд Арабиясы шекарасы маңынан ірі мұнай кен орнын тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ирак Сауд Арабиясымен шекара маңынан ірі мұнай кен орнын анықтады. Елдің Мұнай министрлігі бұл жаңалықты соңғы жылдардағы энергетика саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі деп бағалап отыр, деп хабарлайды euronews.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ирактың оңтүстігіндегі Наджаф провинциясында орналасқан Qurnain барлау блогындағы кен орнында 8,8 миллиард баррельден астам мұнай қоры болуы мүмкін.
Qurnain учаскесі Ирактың оңтүстік-батысында, Бағдадтан шамамен 180 шақырым қашықтықта және Сауд Арабиясымен шекаралас аймақта орналасқан. Аумағы 8 773 шаршы шақырымды құрайтын бұл өңір мұнай барлау жұмыстары үшін ең перспективалы аймақтардың бірі саналады. Кен орнын барлау және игеру туралы келісімге 2024 жылғы 17 қазанда қол қойылған.
Министрлік мәліметінше, Shams-11 барлау ұңғымасында жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтижесінде тәулігіне 3 248 баррель өндіруге мүмкіндік беретін жеңіл мұнай қоры анықталған.
Бұл туралы Ирактың Мұнай министрі Хаян Абдул Ғани мен қытайлық ZhenHua Oil компаниясы өкілдерінің кездесуінде мәлім болды. Тараптар кен орнын игеру барысын талқылап, барлау мен өндіру жұмыстарын жеделдету үшін заманауи бұрғылау технологияларын пайдалану мәселесін қарастырды.
Сонымен қатар Бағдад Басра провинциясынан Сирия шекарасына жақын орналасқан Хадита қаласына дейін тартылатын ірі мұнай құбыры жобасын жүзеге асыруды жеделдетіп жатыр. Құбырдың жоспарланған өткізу қуаты тәулігіне 2,5 миллион баррельді құрайды.
АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) бағалауынша, Ирак дәлелденген мұнай қоры бойынша әлемде бесінші орында тұр. Елдің мұнай қоры шамамен 145 миллиард баррельге бағаланады. Бұл Таяу Шығыстағы жалпы қордың шамамен 17%-ын және әлемдік қордың 8%-ын құрайды.
Бұған дейін Ирак Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сирия арқылы мұнай экспорттай бастағаны белгілі болды.