Ирак Сириямен арадағы шекара күзетін күшейтуде
ВВС телекомпаниясының хабарлауынша, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың ушыға бастауына байланысты Ирак Сириямен арадағы шекараға қосымша полиция күштерін орналастыра бастады. Тиісті бұйрықты Ирак премьері Нури әл-Малики берді, деп хабарлайды РБК.
Бағдад Дамаскіні Сирия аумағынан Иракты шабуылдап отырған содырларға пана беріп отыр деп айыптауда. Оған қоса Ирак өкіметі Бағдадта жақында болған лаңкестік әрекеттер Сирияның тапсырысы бойынша жасалды, ал оны орындаушыларға 10 мың доллар төленді деп санайды.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 19-ында Бағдадтың екі ауданында жарылғыш зат қойылған екі жүк көлігі жарылған еді. Арасына бірнеше минут салып болған жарылыстардың салдарынан 100-ге жуық адам қаза тапты, 1200-ден астам адам жараланды.
Сирия болса, Ирактың айыптаулары ойдан шығарылып отырғанын және оның шындыққа сай келмейтінін айтуда. Сирия Президенті Башар Асад, Дамаскіге тағылып отырған айыптаулар «саяси тапсырыспен жасалып отыр» деп мәлім етті.