Ирак соты Саддам Хусейннің 16 үзеңгілесін бостандыққа шығарады
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Ирактың Жоғарғы қылмыстық соты Саддам Хусейн билік құрған кезде құзіретті мемлекеттік лауазымдардың тізгінін ұстаған 16 адамды бостандыққа жіберу жөнінде шешім қабылдады.
Бұл туралы Ирак Әділет министрлігінің өкілі Хайдер ас-Саади мәлім етті.
ИТАР-ТАСС агенттігінің мәліміттеріне сүйенсек, бостандыққа шығару бірнеше кезеңдерден тұрады. Бастапқы кезеңде түрмеден бұрынғы Сауда министрі Мұхаммед Махди Салех, бұрынғы Ақпарат және мәдениет министрі Хамед Юсеф Хамади және Әскери өнеркәсіп саласының сарапшысы Махмұд Фарадж ас-Самарраи шығарылады.
Екінші кезекте - Кербеладағы таратылған Баас партиясының бұрынғы хатшысы, Кербеланың экс-губернаторы мен арнайы қызметтің бұрынғы екі қызметкері бостандыққа шығады. Тақтан тайдырылған диктатордың режиміне қызмет еткен тағы да тоғыз адам одан гөрі кешірек шығарылатын болады. Бостандыққа жіберілгендердің барлығы да тоғыз жылдан астам уақыт бойы түрмеде жазасын өтеді.