Ирак түрмесінен 6 адамды Қазақстанға қайтару ісінде ілгерілеу бар ма
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак түрмесінде отырған Қазақстан азаматтарын қайтаруға қатысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті.

- Қазақстанның 6 азаматы (әйелдер) жазасын Ирактың түрмесінде өтеп жатыр. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл мәселемен айналысып жатыр. Бас прокуратура да келіссөзді жалғастырып жатыр. Мәселен, бүгін Сенаттың отырысында Кипрмен арада сотталған адамдарды беру туралы құжат мақұлданды. Тура осындай келісімшарттың жобасын Ирак жағына да жолдадық. Қазір олар осы жобаны қарастырып жатыр. Сонымен қатар біз бірнеше рет Иракқа тиісті хаттарды жібердік. Интернет арқылы олармен осы келісім жобасы бойынша талқылауды ұсындық, - деді Ғ.Қойгелдиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазіргі уақытқа дейін Ирак жағы ешқандай мағлұмат бермеген.
- Егер алдағы уақытта осы құжатқа қол қойсақ, Ирак үкіметі алдында аталған мәселені көтереміз, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.