Ирак үкіметі НАТО миссиясының елде қалу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады
БАҒДАД. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - Ирак үкіметі НАТО миссиясының елде қалу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұған дейінгі келісімнің шарты бойынша,
НАТО миссиясының мерзімі ағымдағы жылы шілденің 31-інде аяқталуы керек болатын. Бұл туралы кеше, шілденің 20-сы күні Бағдадта Ирак үкіметінің ресми өкілі Әли ад-Даббаг мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұл шешім қауіпсіздікті және ирак армиясының жауынгерлік дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту туралы заң жобасына түзетулер енгізілгеннен кейін қабылданып отыр. Ол Ирак күш-қуат құрылымдары қызметкерлерінің үздік дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп мәлім етті Әли ад-Даббаг.
НАТО-ның әскери нұсқаушылары Иракта әскери операцияларға қатыспайды, олар Ирак үкіметінің өтініші бойынша 2004 жылдан бері қауіпсіздік күштерін дайындаумен айналысып келеді.