Ирак жасағы Мосул әуежайын содырлардан азат етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирак жасағы Мосул қаласы әуежайының барлық аумағына бақылау орнатты. Ол «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының жихадшылары батыс бөлігін жаулап алған қаланы бақылаудағы ең маңызды стратегиялық нысандардың бірі еді.
Мосул әуежайында және жақын маңдағы әл-Газлани әскери базасына ирак жасағының шабуыл жасағаны бейсенбі күні таңертең белгілі болды. Операция АҚШ басшылық ететін халықаралық коалицияның қолдауымен жүргізілген.
Би-би-си тілшісі Квентин Соммервилльдің хабарлауынша, содырлар әуежайдың ұшу-қону жолағын толығымен жойып жіберген, алайда әуежай аумағын бақылауға алу үкіметтік күштерге содырларға оңтүстіктен келетін қосымша күштің жолын кесуге мүмкіндік береді.