09:03, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Иракта «бәтеңке» батырына қойылған ескерткіш бұзылды
БАҒДАД. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат - Иракта «бәтеңке» батырына қойылған ескерткіш бұзылды. Ирак журналисі АҚШ-тың 43-ші президентіне лақтырған бәтеңкеге қойылған ескерткішті полицейлер бұзды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.Әлемді шулатқан «бәтеңке лақтыру» оқиғасы Бағдадта Джордж Буш пен Ирак премьері Нури әл-Маликидің бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде орын алғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. «Әл-Бағдадия» телеарнасының 29 жастағы тілшісі Мунтазер аз-Зейди Бушқа бәтеңкесін лақтырып тұрып, «Мынау саған жетім-жесірлерден, Иракта өлтірілгендерден қоштасу сәлемдеме» деп айқайлаған болатын. Журналист оқиға орнында қамауға алынды, қазір ол абақтыда. Әз-Зейди шет мемлекеттің басшысына шабуыл жасағаны үшін айыпталып отыр. Сот оны кінәлі деп таныған жағдайда, журналисті 15 жылға дейін қамау күтіп тұр. Журналист Дж.Бушқа лақтырған бәтеңке тергеу барысында жойып жіберілген. Ал сол Бушқа бәтеңкелерін лақтырған журналист Мұнтазер әз-Зейдиға құрмет ретінде ирактықтар қоладан ескерткіш тұрғызған еді. Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейннің туған жерінде - Тикритте Ирактағы соғыс салдарынан жетім қалған балаларға қамқорлық көрсетумен айналысатын қайырымдылық қорының бағында бәтеңкеге биіктігі 3 метрлік ескерткіш орнатылған. Ескерткіштің іргетасындағы тақтайшаға журналисті мадақтаған өлең жолдары жазылған. Ал «бәтеңке» батыры атанған журналисті қорғауға 100-ден астам араб және басқа да елдердің адвокаттары ниет білдіруде. Өз қызметін ұсынғандардың қатарында Ирактың экс-президенті Саддам Хусейннің бұрынғы адвокаттарының бірі Халил әд-Дулейми де бар.