Иракта бір айда лаңкестердің қолынан 535 адам қаза тапты
АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Ресми статистикаға сәйкес, өткен шілде айында Иракта лаңкестердің қолынан 535 адам қаза тауып,
1 мыңға жуық адам зардап шеккен. Осылайша, өткен ай Ирактың соңғы екі жыл тарихындағы ең қанды ай болып отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Зорлық-зомбылықтар мен лаңкестік әрекеттер, ағымдағы жылдың наурыз айында өткен парламенттік сайлаудан кейін тым жиілеп кетті. Сайлаудың қорытындысы бойынша бірде-бір партия министрлер кабинетін жасақтауға қажетті дауыс жинай ала алмаған болатын. Сөйтіп, ел үкіметі әлі күнге дейін жасақталмай отыр.
Қазіргі таңда премьерлік үшін «Әл-Иракия» сүнниттер блогының басшысы, бұрынғы үкімет басшысы Айяд Аллауи мен шииттердің жетекшісі және елдің қазіргі үкімет басшысы Нури әл-Малики таласуда. Ирактың үкімет басшысы туралы мәселе қыркүйек айының ортасына қарай шешіліп қалады, дейді сарапшылар.
Ал шииттер мен сүнниттердің арасындағы текетірес парламент залынан қала көшелеріне ауысып отыр. Өткен аптада болған екі жарылыс 19 шииттің өмірін қиған болатын. Бұл лаңкестік әрекеттер сүнниттік топтар тапапынан жасалды деп айыпталып отыр.
Елде орын алып жатқан жағдай американ әскерінің елден шығарылу процесін кешеуілдетуі мүмкін, дейді сарапшылар. Американ әскерін елден әкету үдерісі тамыз айынан басталып, 2011 жылдың соңына қарай аяқталуы керек болатын.