Иракта екі лаңкестік оқиға болды
АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат - Ирактың солтүстігіндегі күрдтердің Синжар қаласында болған лаңкестік әрекеттерде қаза болғандар мен зардап шеккендердің саны 50-ге жетті.
Нақтыланған мәліметтер бойынша, қалалық дәмханада екі жанкешті жасаған жарылыстар 18 бейбіт адамның өмірін қиды. Тағы 32 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Бағдадтың солтүстік-батысына қарай 390 шақырым жерде, Найнава провинциясында орналасқан Синжарда негізінен күрд-езидтер тұрады. Дәл осы ауданда 2007 жылы ирак экстремистерінің соңғы 6 жылдағы ең қанды оқиғасы ұйымдастырылған болатын - Синжардың маңындағы елді мекендерде төрт бензовоздың жарылысы салдарынан 500-ден астам адам қаза тапқан еді.