Ирактың арнайы қызметі «Ислам мемлекетінің» Бағдадтағы ұясын жойды
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Ирактың барлау қызметі «Ислам мемлекеті» ұйымының отыз бір мүшесін қамауға алғаны туралы мәлімдеді. Ұсталған азаматтарға Бағдад қаласында 52 лаңкестік әрекетті жасауда айып тағылуда.
Мәлімдемеде Ирактың арнайы қызметтерінің операциясы жергілікті прокуратура және сот билігі органдарымен өзара іс-қимылы арқылы өткізілгені айтылады. «Біз «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының құрамындағы «Бағдад уәләяты» лаңкестік тобын жойдық. Қамауға алынған отыз бір адам Бағдад қаласының, сондай-ақ оның оңтүстік және солтүстік маңдарының тұрғындары болып табылады. Олар 2014 жылы және 2015 жылдың басында 52 лаңкестік әрекетті ұйымдастырғанын және өткізгенін мойындады», - делінген Ирактың арнайы қызметтерінің мәлімдемесінде.
Қару, жарылғыш заттар, жалған автомобиль нөмірлерінің көп саны анықталды. Ирак күш-қуат ведомстволарының өкілдері сондай-ақ 2015 жылдың басынан бастап Бағдадтағы шабуылдар санының азайғанын атап өтті. 2013-2014 жылдары Ирак астанасындағы лаңкестік әрекеттер туралы ақпарат күн сайын дерлік түсіп отыратын.
Өткен жылдың қазан айында Ирактың федералдық күштері ел астанасынан оңтүстікке қарай 50 шақырым жерде орналасқан Джурф әл-Сахрды «Ислам мемлекетінен» босатты. Ағымдағы жылдың басында экстремистерден Бағдадтан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан бүкіл Дияла провинциясы босатылған. Соның нәтижесінде жергілікті БАҚ-тың мәліметтерінше, Бағдадтағы қауіпсіздік жағдайы жақсартылып, ағымдағы жылдың ақпан айында коменданттық сағат алынып тастады.