15:45, 04 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Ирактың соғыс аймағынан шығарылған отандастарымыз елге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирактың соғыс жүріп жатқан аймағынан ресейлік тараптың көмегімен шығарылған Қазақстанның 4 азаматы Отанына оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ирактың соғыс жүріп жатқан аймағынан ресейлік тараптың көмегімен шығарылған Қазақстанның 4 азаматы отанына оралды. Олардың арасында 1985 жылы дүниеге келген әйел мен оның кәмелетке толмаған үш баласы бар. Қазақстан азаматы саналатын тағы 3 бала мен олардың Ресей азаматшасы саналатын анасы Грозный қаласына жеткізілді. Олар қазіргі уақытта да сол жерде. Екі отбасы да Ақтау қаласының тұрғындары», - деп жазды ол.
Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, қалған қазақстандықтар әлі де Иракта. Қазіргі уақытта Қазақстанның Иорданиядағы консулы оларды отандарына қайтару мәселесімен айналысуда.
«Қосымша ақпарат сәл кейінірек берілетін болады», - деді Жайнақов.